13 қарашада Испания патшайымы Летиция Бейжің шет тілдері университетіне (БШТУ) іссапармен келді. ҚХР Білім министрлігі ҚКП тобының мүшесі, министрінің орынбасары Жэнь Юцюнь, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасының басшысы Ян Дань, БШТУ ҚКП комитетінің хатшысы Ван Динхуа, БШТУ ҚКП комитеті хатшысының орынбасары, ректоры Цзя Вэньцзянь, БШТУ ҚКП комитеті тұрақты комитетінің мүшесі, проректоры Чжао Ган құрметті қонақты қарсы алды. Іс-шараға БШТУ-дің Испан және португал тілдері институты, Халықаралық қатынастар институты, Білім институты және Бейжіңдегі басқа да жоғары оқу орындарынан 300-ден астам испан тілі мамандығының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шара басталғанда патшайым Летиция Жэнь Юцюнь, Ян Дань, Ван Динхуа, Цзя Вэньцзянь және т.б. тұлғалармен бірге ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап БШТУ және Қытайдың басқа жоғары оқу орындарына келіп, испан тілін оқытқан испан ұстаздарына арналған алғыс пен құрмет тақтасының ашылуына куә болды.
БШТУ Испан және португал тілдері институтының директоры Чан Фулян Летиция ханымға аталмыш университет және еліміздің жоғары оқу орындарындағы испан тілі мамандығын оқыту мен зерттеу жұмысының даму тарихы мен құрылысын таныстырды. БШТУ Испан және португал тілдері институтында оқып жүрген студент Ма Кэин мен Халықаралық қатынастар институтының студенті Альберто испан және қытай тілдерінде диалог жүргізіп, Қытай мен Испания жастарының тіл үйрену барысында бір-бірін шабыттандырып, өзара түсінікті тереңдеткенін көрсетті.
Летиция БШТУ-дің испан тілін оқыту, ғылыми зерттеу және алмасу салаларындағы жетістіктерімен танысып, салтанатты іс-шараға қатысқан оқытушылар және студенттермен әңгімелесті.